ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ

АТЫРАУ

СОЦИАЛЬНО-ПРЕДПРИНИМАТЕЛЬСКАЯ КОРПОРАЦИЯ

Байланыс
+7 (7122) 52 33 93

РУС

ENG

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы Атырау облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылды. Бағдарлама аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлерге жеңілдетілген шарттармен несие қаражаты бөлінді. Бұл өз кезегінде түрлі кәсіп түрлерін дамытуға мүмкіндік беріп, өңірдің ауыл шаруашылығы мен шағын бизнес саласының әртараптануына оң әсерін тигізді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру және олардың экономикалық белсенділігін қолдау. Осы мақсатта микрокредит беру арқылы ауыл шаруашылығы мен шағын бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, отбасылық және жеке шаруашылықтарды қолдау, сондай-ақ жергілікті өндірісті өркендету бағытында нақты шаралар жүзеге асырылуда.

Бағдарламаның игілігін көріп отырған кәсіпкерлердің бірі – Сәуле Асанғалиева. Ол «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген 2,5% мөлшерлемемен несие алып, жеке кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Нәтижесінде кәсіпкер наубайханасын кеңейтіп, бүгінгі таңда тұрғындарды сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік қолдау, әсіресе «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы берілген несие – ауылдағы шағын бизнес өкілдері үшін үлкен мүмкіндік.

«Наубайханам тұрақты жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы көрсетіліп жатқан мұндай қолдау біз сияқты кәсіпкерлер үшін аса маңызды», – дейді Сәуле Асанғалиева.

Сонымен қатар, Мақат ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ажуова Шынар Бисеновна да «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен өз кәсібін ашты. Ол бағдарлама аясында 4 миллион теңге көлемінде қаржы алып, сұлулық салонына қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Бүгінде Шынар Бисеновна өз кәсібін дамытып, ауыл тұрғындарына, әсіресе қыз-келіншектерге сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік алып отыр.

«Ауыл аманаты бағдарламасына үлкен алғысымды білдіремін. Мұндай қолдау ауыл кәсіпкерлерінің арманын жүзеге асырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – дейді кәсіпкер.

Айта кету керек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық аумақтарда кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда, «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ «Атамекен – Атырау бизнес қолдау» микроқаржы ұйымымен бірлесіп «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдаудың басталғанын хабарлайды. Қаржыландыруға өтінімдер amanatnesie.kz онлайн-порталы арқылы қабылданады.