«AMANAT» партиясы АОФ-ында осы тақырыпқа қатысты насихаттау жұмыстары жүргізілді. “Атырау” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Айтпаев Азамат Иванұлы аталған жобаның негізгі мақсатына тоқталып, несие алу жолдарын түсіндірді.

Былтыр халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасы бекітілді. Осы құжат аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылы толық іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Соған қарамастан өткен жылы мобильді топ өкілдері ауылдықтарды жобамен мүмкіндігінше кеңінен таныстыру үшін елдің барлық аймақтарын аралап шықты. Оның ішінде ең шалғай ауылдардың тұрғындары да қамтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын.

«Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», – деген болатын Президент өз Жолдауында.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған?

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. — несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; — несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; — номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету.

Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.

«Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді.

Өткен 2022 жылы жобаға 25 елді мекеннен екі мыңнан астам тұрғын, 11 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі қатысып, несие алған. Нәтижесінде пилоттық жобаның бірінші кезеңінен кейін әрбір отбасының табысы орта есеппен төрт есеге өсті. Жеке кәсіпкерлер саны 2282-ге артты.589 жаңа жұмыс орны ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 65 пайызға, жұмыссыздар 36 пайызға азайды.

Пилоттық жобаның жемісі негізінде Жамбыл облысының оң тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде, соның ішінде Атырау облысында да кеңейту туралы шешім қабылданды.