Атыраудың шұжығы мен бұқтырылған етіне  ресейліктер қызығуда.  Бұл туралы  Ресейдің Астрахань қаласында өткен сауда өнеркәсіптік жәрмеңкесі, тауар көрмесі  мен бизнес форумында белгілі болды. Аталған көрмеге  Атырау облысынан арнайы делегация қатысып , жұмыс тобын  Атырау облысы әкімінің орынбасары Ә.Нәутиев бастап барған болатын. Сауда экономикалық және іскерлік байланысты нығайтуға бағытталған  шараға Атыраудан 20-ға жуық  кәсіпкер барып, өнімдерін жарнамалады.

ҚР Инвестиция және даму Министрлігі, «Атамекен» ҰКП, «Казах Инвест»  ҰК АҚ ұйымдастыруымен, Астрахань облысы әкімдігінің қолдауымен өткен шараның басты мақсаты Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін көрсету, Астрахань облысымен ынтымақтастықты ұлғайту. Көлемді шарада қазақстандық кәсіпкерлер өнімдерін жарнамалап ғана қоймай, іскер топтармен кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Келіссөздер жүргізген компаниялар қатарында  Атырау Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясының көмегімен ісін жүргізіп отырған   «Асыл Агро» шаруа қожалығы мен «CASPIY LANA ATYRAU» ЖШС бар. «Асыл Агро» ШҚ көрші елдегі көрмеге 700 келі ,21 түрлі шұжық,   1500дана құтыдағы  сиыр, түйе мен қойдың бұқтырылған етін апарған.Дәмін татып көрген ресейліктер қоспасыз дайындалған өнімге  зор қызығушылық танытыпты.

-Дәмін татып көрген ресейліктер біздің өнімнің сапасына өте жоғары деген баға берді. Табиғи өнімдермен жасалған шұжықтар мен консервідегі бұқтырылған еттерді Астраханьда сату үшін «Маяк» супермаркеттер желісімен және орталықтағы  оннан астам дүкен иелерімен келісім шартқа қол қойдық. Енді жеткізу жолын қарастыруымыз керек,- дейді «Асыл Агро» ШҚ-ң коммерциялық директоры Әбілхайыр Ғаббас.

«CASPIY LANA ATYRAU» ЖШС түйе, қой жүнінен жасалған жамылғылар мен күртелер апарды. Қазақы ою өрнекпен көмкеріліп жасалған жылы кардигандардың бірнешеуін астраханьдықтар сатып алыпты.

Кәсіпкерлер алдағы уақытта «Қазақстанда жасалған» өнімдерді экспортқа шығаруда тың жұмыстарды қолға алмақшы.